TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



А. Смайыл: Аттила қазаққа қашан оралады?

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Алдан Смайыл тарихи тақырыпта келелі мәселе қозғап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің атына сауал жолдады.

ҚазАқпарат Парламент мінберінен көтерілген осы депутаттық сауалдың толық мәтінін жариялайды.

«Тарихқа шөлі қанған ел жоқ. Дәуірлерге олжа салмаған адамзат өркениетіне ат қоспаған жұртты да таба алмайсыз. Жаһан мәдениеті төре мен төлеңгітке бөлінбейді. Әлем мойындаған ежелгі Грек – Рим өркениеті жайлы да осыны айтар едік. Оның терең тамырлары үнді-түркі замандарында жатыр. Скиф, сармат жұрты туралы Рим, Византия, Латын және Батыс елдерінің деректерін түгел зерттеген И.Потоцкий грек ғылымы мен өнерін көне заманда арий, сақ т.б. көшпелі елдер жайлаған дала ілімінсіз жеке талдауға болмайды депті. Ал Батыс пен Шығыс әдебиетінің білгірі Ф.Капрулузаде: «Славян, Фин, Француз, Герман әдебиетіне эпикалық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дастаны арқылы келді» - дейді.

Өкінішке орай Батыс та, Шығыс та жетік біліп қадірлеген осы дастан өзімізге белгісіз. Біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ҮІ ғасырларда туған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Оғыз қаған» дастандарымен бірге Ұлы дала жағалай жырлаған «Аттила» дастаны Еуропада талай ғасыр жатқа айтылыпты. Скандинавия елдерінің ғажайыбы «Алып қолды Вальтария» дастаны соған еліктеуден туған.

Эпикалық дүниеге осылай ауызданған Батыс келе-келе Аттиланың өзін жырға қосқан. Германия мен Скандинавия тарихында Этцель, Славян дүниесінде Атыл есімімен белгілі, сонау ІҮ ғасырда халықтардың ұлы қоныс аударуына ықпал еткен, атақты Шығыс Рим империясына бас идіріп, Еуропада феодалдық қоғамның құрылуына жол ашқан, кәрі құрлықта қуатты Ур-Аргун империясын құрған, жарты әлемде әскери демократия орнатқан даңқты қолбасшы жайлы дауылдата жырламай тұра алсын ба?! Немістің «Нибелунга», «Равен шайқасы», «Зейнфрид батыр туралы жыр», «Берндік Дитрих», «Хильдебранд туралы жыр», Исландияның «Эдда» және «Волсунга туралы сага», Норвегияның «Тидрек туралы сага» халық жырларында Аттила тұлғасы дараланады.

Біз осы күнге дейін түркі әлемі Еділ деген атпен дәріптейтін, Еуропа елі «Құдайдың қамшысы»»деп көкке көтерген дарабоз бабымыз бейнеленген сол эпостарды төл тілімізде неге сөйлетпей келгенбіз?

Француз театрының атасы, әйгілі ақын әрі драматург Пьер Корнельдің өлеңмен жазған, Парижде 1667 жылы қойылған «Аттила» трагедиясын республика сахналарында неге жаңғыртпай жүргенбіз?

Корнельдің Аттила жайлы бұдан бұрын жазған «Атесилас» драмасын неге рухани игілігімізге айналдырмағанбыз?!

Сахна төрін Батыстың қойыла-қойыла жаттанды болған дүниелерімен толтырып жүргенде, неміс драматургі Вернер Цахариастың «Аттила» атты романтикалық трагедиясы бар екенін, бізге шетелдік шығармалардың ішінде соның ет жақын екенін неге ойламағанбыз? Бұл драма кезінде Еуропа сахнасының сәнін де, мәнін де келтірген. Әлем тілдеріне аударылған. Көркемдік, тарихи құндылығына орай А.Шишков 1831 жылы орыс тілінде сөйлеткен.

Вернер Цахариас Аттила – Еділді еренғайып батыр, ұлы стратег, сұңғыла әмірші бейнесінде ардақтайды.

Жалпы түркі, жалқы алғанда қазақ мәдениетінің тарихында сүбелі орын алатын осы ғажайыптардың жоталысы – Италияның атақты композиторы Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы. Верди Ғұн императорын Италияны Рим қыспағынан азат еткен даңқты қолбасшы бейнесінде дәріптейді. Құлдық қоғамды жойған, Еуропаға дала демократиясын дарытып, дамудың жаңа кезеңіне ғұмыр берген өз дәуірінің көрнекті реформаторы еді дейді.

Дарынды композитордың басқа да тамаша туындыларымен бірге ұзақ уақыт қойылған осы опера неге күні бүгінге дейін қазақ сахнасының саңылауынан сығалай алмай жүр? Тарихың толғататын, тұлғаң заңғарланатын осынау жауһарды, жаһан тамсанған ұлы өнер иесінің інжу-маржанын ұлтымыздың рухани қазынасына қашан қосамыз? Аттила – Еділді, төрткүл дүниенің төрінде атақты Шыңғысханмен, атышулы Александр Македонскиймен қатар тұрған тарихи тұлғаны қазақ сахнасында төл топырағымен қашан табыстырамыз?

Аттила – Еділ жайлы сонау ықылым замандардан бері жазылған ғылыми талдау еңбектері де жеткілікті. Олардың бәрі бірдей қазақ елінің зердесіне келіп қонған жоқ. Сол көп қазынаны жағалай таратпай, сүбелісіне сүйенсек, француз тарихшысы Тьерри Амадидің «Аттила және оның мұрагерлерінің тарихы» атты туындысы еске түседі. Екі томнан тұратын бұл көлемді зерттеу Париж қаласында 1856 жылы басып шығарылған. Ғалым ғұн сардары туралы ерте дүниедегі деректерді түгел жинап, ХІХ ғасырға дейінгі тұжырымды мәліметтермен сабақтастыра талдаған. Ержүрек қолбасшы ретіндегі дара қасиеттерін ашып көрсетумен бірге өз заманының дана дипломаты болғанын да дәлелдеген. Азулы императордың Еуропаға жойқын сапарын жалғастырған ізбасарлары жөнінде тарихи шындыққа қандырған. Аттиланы әйгілі Цезарь мен Ганнибалдың деңгейіне көтерген.

Бағдарлап отырсақ, текті тұлғамыз жайлы тебіренгендер бізде жоқ, шалғайда көп. Ғайыпқа баяғыда сіңіп кеткен ҮІ ғасырда Аттила латын жұртын да уыздай ұйытыпты. Белгісіз ақынның «Аттиланың Галлияға жасаған бірінші жорығы» атты етек-жеңі мол поэмасы осы тілде туған. 1777 жылы Германия тарихшылары Италиядан тапқан бұл поэмада Еділдің жорық жолдары тарихи дәл баяндалып, ғұн тілі де сыналап енгізілген. Императордың қанатты сөзге айналған ұшқыр ойлары молынан пайдаланылған. Шығарма 1780 жылы Мюнхенде жарық көріпті. Соған қарағанда оны тауып алу қиындық тудырмайды.

Қайсыбірін түгендейік, біз үшін жазушы Е.Зарубиннің «Аттила» атты романы да бағалы. Есімі жаһанға жайылған мәңгілік дарын Рафаэльдің «Аттиланы тоқтатқан Леон-1» суреті де қымбат. Ватиканның ішін сәулеттендіріп тұрған осы қыл қалам ғажайыбы біздің салтанатты сарайларымызды неге безендірмейді деп те толғанамыз. Адамзат өнерінің алтын-күмісіне айналған, көне тарихымыз дәріптелген, толағай тұлғалы заңғарымыз ардақталған туындыларды ана тілімізде жайқалтып, төл мәдениетімізде көгертсек деп ойланамыз. Солай боларына сенгендей боламыз. Әлемнің жүз романын аударып жатқан ел әлем әлдеқашан тағзым еткен өз тарихын ұлттық сүйіспеншілікпен қайта түлетер деп үміттенеміз.

Аттила – Еділ жайлы айтар өтінішіміз осы болатын. Аттиланы туған еліне оралтудың қамы еді.

 
  TKA 2008