TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



Ең қонақжай халық Еуропада венгрлер, Азияда қазақтар – Венгриядағы «Тұран» қоғамдық қорының төрағасы

АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ең қонақжай халық Еуропада венгрлер, ал Азияда - қазақтар. Оны Венгриядағы

«Тұран» қоғамдық қорының төрағасы Биро Андраш бүгін Алматыда ашылған «Ғасырлардан кейінгі қауышу:
Қазақстан мен Венгрияның тарихи-мәдени байланыстары
» деп аталатын фотокөрменің ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көне далалық мәдениеттен бастау алатын халық болғандықтан, қазақ пен Венгриядағы мадиярлардың ұқсастықтары өте көп. Жақсылап бажайлап қараған адам антропологиялық ұқсастықтардың сыртында, этнографиялық, дәстүр-салттары, мінез-құлқындағы жақындастықты да айқын аңғара алады. Мадиярлар 1200 жыл бұрын Еуропадағы қазіргі қонысына келген. Одан бұрын олар Азиядағы көшпелі мәдениеттің иелері болған. Оны тіліндегі, дәстүріндегі сақталып қалған жұқаналар дәлелдейді. Көңілінің ашықтығы мен мәрттігі жағынан қазақтар мен Венгрия мадиярлары өте жақын. Біз - Еуропада ең қонақжай халық венгрлер, Азияда қазақтар деп айтамыз. Мен Қазақстандағы қазақтардың бойынан маған ұнамайтын ешнәрсе байқай алмадым. Бұл да екі халықтың ұқсастығынан шығар», дейді антрополог, «Тұран» қоғамдық қорының төрағасы және Венгрияның тарихи жаратылыстану мұражайының қызметкері Биро Андраш. Оның пайымдауынша, Венгрия мен Қазақстанды байланыстыратын ең алдымен тарихи, мәдени қандастық. Мәселен, Венгрияда жылқы ұстап, қымыз дайындайтын адамдар қазір де бар.
«Қазір біз мәдени салада үлкен жетістіктерге жеттік деп айта аламыз. Соңғы кезде ғылыми саладағы байланыстар да жандасып келе жатыр. Шаруашылық-экономикалық байланыстарды өркендетуге және Қазақстан экономикасын дамытуда венгрлердің үлесін арттыруға мүмкіндіктер өте көп», дейді 2006 жылдан бері Қостанай облысында Торғай өңіріндегі қазақтың мадияр руының генетикасын зерттеп жүрген Бир Андраш. Ол бұл зерттеуде екі халықтың генетикалық туыстығын ғылыми жаңа технологиялар арқылы дәлелдеп шығуды алдына мақсат етіп қойған. Оның қорытындысын енді маусымның 7-сі күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылында өтетін «Ғасырлардан кейінгі қауышу: Қазақстан мен Венгрияның тарихи-мәдени байланыстары»

деп аталатын ғылыми-тәжрибелік конференцияда жан-жақты баяндап бермек.

 
  TKA 2008